11сынып ата-аналарына психологиялық қолдау көрсету мақсатында
"ҰБТ ата-ана көзімен" атты коучинг сабағы.
Сабақ түрі: Коучинг сабақ
Сабақтың мақсаты: Ата - аналардың ҰБТ - ге деген көз қарасын анықтап, қорқынышын сейілту. Психологиялық қолдау көрсету.
Қажетті құралдар: ватман қағазы, түрлі - түсті маркерлер, стикерлер, сурет қиындылары, қағазға жазылған сөздер, Арман терегі (салынған сурет)
Сабақ барысы:
«ҰБТ ата - ана көзімен» коучинг сабағымыз 3 кезеңнен тұрады:
І - кезең. «Қар қиыршықтары» жаттығуы
ІІ - кезең. Жағдаят шешу.
ІІІ - кезең. Арман картасы «Менің баламның болашағы...».
Құрметті ата - аналар! «ҰБТ ата - ана көзімен» атты коучингке хош келдіңіздер!
«Қар қиыршықтары» жаттығуы
Нұсқау: Бәріміз қолымызға ақ қағазды алып ортасынан бүктейміз. Оның оң жақ жоғарғы бұрышын жыртып аламыз. Тағы да бүктейміз, оң жақ жоғарғы бұрышын жыртып аламыз. Тағы да ортасынан бүктеп оң жақ жоғарғы бұрышын жыртамыз. Осылай мүмкіндігімізше жалғастыра береміз. Енді өзіміздің әдемі қар қиыршығын ашып қараймыз. Талдау: — Кімде бірдей, бір-бірінен аумайтын қар қиындысы шықты? Себебі неде деп ойлайсыздар?- не себепті бәрімізде бірдей ақ қағаз бен бірдей әрекет бола тұра әр түрлі қар қиыршықтары пайда болды?
Түйін: Себебі бәріміз бірдей әрекет жасағанмен, ол бізде әр түрлі шықты. Өйткені біз әртүрлі адамдармыз. Біздің қоғамдағы орнымыз, қызметіміз, жан-дүниеміз бәрі әртүрлі. Ал, біздің бірге жиналуымызда бір себеп бар- ол өмір қиыншылықтарына төтеп беру, одан жақсы жетістікке жету. Қоғамдағы орнымыз бен роліміз әртүрлі болса да, бәріміздің алдымызда тұрған мақсатымыз бір. Ол - біздің он бірінші сынып оқушыларымыз ҰБТ тапсырады.
ІІ - кезең. Жағдаят шешу. Бұл кезеңде үш топқа жағдаят беріледі. Топ бірлесіп жағдаяттан шығу жолдарын іздеп, бір өкіл қорғап шығады.
І - жағдаят
ҰБТ. Айтулы күн жақындаған сайын мектеп бітіруші баланың ұйқысы қашып, мазасыздана бастады. Ең алдымен ол мектептің, ата - анасы және өзінің абыройын ойлады. Осыған дейін тер төгіп дайындалған еңбегінің еш кеткенін қаламады. Оның үстіне ата - анасы баласына тым жоғары талап қойып отыр. ҰБТ күні ол төмен ұпай жинады. Баланың ата - анасы ретінде балаға қандай қолдау көрсетесіз. Оның төмен ұпай жинаған себебі?
ІІ - жағдаят
Балаңыз 11 сынып оқушысы. Ол мамандық таңдауға қатысты өз шешімін жасап қойған. «Болашақ дәрігермін» дейді. Ал Сіз болсаңыз балаңыздың медицинаға еш қабілеті жоқ екендігін нақты білесіз. Тәжірибелі үлкен, жанашыр адам ретінде Сіз балаңызға қалай кеңес берер едіңіз? Оның өз бейімділігіне қарай мамандық таңдауына қалай бағыттар едіңіз?
ІІІ - жағдаят
Сіздің 16 жасар қызыңыз және 2 жасар ұлыңыз бар. Сіз екі мезгіл жұмыс жасайсыз. Қызыңыз биыл 11 сыныпқа келді. Алдында ҰБТ күтіп тұр. Әдетте, үй шаруасын тыңдырып, баланы да бағатын үлкен қызыңыздың күн тәртібін енді Сіз қалай өзгертесіз? Қызыңызға өз тарапыңыздан қандай қолдау көрсетіп, оның алдында күтіп тұрған емтиханға дайындалуына қалай жағдай жасайсыз?
ІІІ - кезең. Арман картасы «Менің баламның болашағы...».
Екі сыныпқа екі плакат ілінеді ата-аналар әрқайсысы жеке жеке жақындап өздерінің балаларының болашағын арман картасына түсіреді де кейін талдап береді. Ал арман картасы оқушыларды ынталандыру мақсатында сыныптың қабырғасына ілінеді.
Қорытынды.
Сабағымыздың соңында Ж. Ж. Руссо: «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимақты қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де солай сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді» - деген сөзін ескере отырып, қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер оларға үлгі болар бейне екендігімізді ұмытпайық дегім келеді.
Балаңызға қолдау көрсетіп, үнемі жанынан табыла біліңіз, Ата-ана!
«Түйінді сөзді мен айтамын» стратегиясы «Бала көңілін қалай табуға болады?» деген сұрақты әр ата – ана, ұстаз топтарында талқылап, бір байламға келіп, ой түйінін ортаға жеткізіп, айтып береді.
Құрметті Ата-аналар және ұстаздар сіздер әр күн сайын балаларыңызға да осындай көңіл-күйді сыйлап отыруды сіздерден сұраймын!