03 Ақп 2021
Страницы "Сәулет" мектеп-лицейі

Мектеп тарихы

«Сәулет» мектеп- лицейі тарихы

  XXI ғасырда біздің еліміз ғаламдану және жаһандану процесіне көшуде. Осы процессті жандандырып дамытуда жас ұрпақтың білімі мен біліктілігі орасан зор рөл  атқарады. Мектеп – болашақ негізін қалыптастыратын, ел мерейін асқақтататын, тұлғалар баптайтын құтты мекен, алтын ұя.         

Ы.Алтынсариннің «Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар, іздегенің алдыңнан сұрамай –ақ табылар» деп, көрегенділікпен жырлағаны ақиқатқа айналып, егемендік алғаннан кейінгі оқимын, білемін деген көзінде от, жүрегінде жалын бар әр қазақ баласының армандары орындалды. Соның бірі –ауданымыздағы оқуға деген қабілеттері жоғары балаларды оқытатын мектептің ашылғаны...

2002 жылы 28 тамызда Батыс Қазақстан облысы әкімиятының №273 қаулысы негізінде «Сәулет» орта жалпы білім беретін мектеп-гимназиясы болып құрылды. 2011 жылдың 6 сәуірдегі №133 «Сәулет» орта жалпы білім беретін мектеп-гимназия мемлекеттік мекемесінің атауы ««Сәулет» мектеп лицейі» мемлекеттік мекемесі болып атауы өзгертілді. 2014 жылдың 1 қарашасындағы №141-НҚ бұйрығы «Сәулет» мектеп-лицейі мемлекеттік мекемесі «Сәулет» мектеп-лицейі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне ауысты. 

Ауданымыздағы «Сәулет» мектеп–гимназиясының ашылуы сол кездегі аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болған Төремұратова Жансұлу Менешқызының есімімен байланысты.

Ел президентінің 1996 жылғы «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту» жөніндегі жарлығы, дарынды балаларға білім берудің мемлекеттік деңгейдегі  маңыздылығын және оның біздің жағдайымыздағы  көкейтестілігін көрсететінді.

Мектепті ашудағы мақсат, біріншіден,                              ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жолдауын орындау болса, екіншіден, еліміздің ұлттық техникалық мамандықтар даярлауды қажет еткен өмір талабы болды.

   Сонымен қатар, ауданымызда Бақтығұл Жұмажанұлы, Роза Ізімқызы, Досымғали Қабдешұлы сияқты есімдері облыс, республикаға танымал математика, информатика пәнінің терең білімді, тәжірибелі  білгірлерінің  болуы мектепті жаратылыстану-математика бағытында ашып, оған аудан мектептеріндегі қабілеттері жоғары балаларды іріктеп қабылдауды жүзеге асыру болатын.

Мектепті алғаш ашылған күннен бастап, білгір де білікті басшы «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Тасмагамбетов Бақтығұл Жұмажанұлы асқан шеберлікпен басқарып, педагогикалық ұжымның өсуіне  жағдай жасады.

Жаңа оқу орнын ұйымдастырып, ондағы білім-тәрбие мазмұнын айқындауда, біздің алдымызда білім берудегі әр алуан бағыттарды, идеяларды және білім берудегі дәстүрлі қалыптасқан кейбір тәжірибелерімізді негізге ала отырып, өз бағытымызды айқындау міндеті тұрды.

Міне, «Сәулет» мектеп-лицейіне де 18 жыл... Әрине, бұл аз да, көп те уақыт емес. Мектебіміз 18 жыл бойы  абыроймен еңбек етіп келе жатыр. «Сәулет» алғашында мектеп-гимназия болып ашылып, бүгінгі күні «Сәулет» мектеп-лицей статусын алды. Осы жылдар ішінде мектебімізде «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі иегері Шапикова Куляш Маселқызы басшылық етті. Ол ұжымның алдына үлкен мақсат қойып, оны жоспарлы түрде іске асырып, мектеп ісінің алға басуына сүбелі үлес қосқан басшының бірі деуге болады. Куляш Маселқызы басқарған жылдары  мектеп «Орта жалпы білім беретін үздік ұйым» конкурсының лауреаты атанып, 15 972 800 теңге  облыс әкімінің  грант иегері атанды. Бүгінгі күні мектеп басшысы лауазымында география пәнінің жоғары санатты мұғалімі, «Республика деңгейіндегі үздік туризм нұсқаушысы» Айтжанов Жанболат Халенұлы.

18  жыл ішінде мектебімізден түлеп ұшқан әр шәкірттің егемен еліміздің түкпір-түкпірінде, алыс-жақын шет мемлекеттерінде білім алып, еңбекке араласып, қоғамымыздың белді азаматтары мен азаматшалары болып шыққаны –мектеп-лицей ұстаздарының еңбегі. Шәкіртіне ілмейтінді ілдірді, білмейтінді білдірді, санасына ақыл ұялатты, өмірді ұғынуына себеп болды,  жанып тұрған оқушысын жандырды, тұлғалық табиғатын мәңгілік қалдырды. Осы жылдар ішіндегі әрбір оқушының аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі салмақты жетістіктерінің саны мен сапасын тізбелеп жеткізу мүмкін емес. Бүгінгі таңға дейін мектебіміз 18 рет түлектерін қияға ұшырып, оның ішінде 61 оқушы «Алтын белгі» иеленсе,            23 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Мектепте 2017-2018 оқу жылы   46  педагог жасайды.  Олардың  ішінде 25 жоғары, 10 бірінші, 7 екінші санатты мұғалімдер.  Ал балаларға сапалы білім беруде, ұстаздардың еңбегінің ұшан-теңіз екенін айтқым келіп отыр.  Әр оқушының дара ерекшелігіне қарай сапалы білім алуын, дамуын қадағалайтын, оны қамтамасыз ететін –мұғалім. Мектебіміздің флагмандары болған Бақтығұл Жұмажанұлы, Роза Ізімқызы, Досымғали Қабдешұлы, Ізтұрған Қалниязұлы сияқты дарабоздар.

                        

Б.Ж.Тасмагамбетов Р.І.Акишева Д.Қабдешов І.Қалниязов

                             

Гимназия ашылғаннан мектебімізге келген жас ұстаздар легі                        Ж. Гумарова (химия пәні мұғалімі), А.Дүйсенова (физика пәні мұғалімі),                Э. Шакирова (биология пәні мұғалімі), Л. Имангалиева (ағылшын тілі пәні мұғалімі), М. Курманиязова (математика пәні мұғалімі) Г. Сараева (информатика пәні мұғалімі), Ж. Танбаев (АӘД пәні мұғалімі), Ж. Беккалиев (дене шынықтыру пәні)  сынды мұғалімдер гимназия ашылған уақыттағы дидактикалық-әдістемелік материалдардың тапшылығына қарамай, оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыта отырып, алдынғы буын ағалары мен апаларынан үлгі ала жүріп,  әр оқушымен жүйелі жұмыс істеді.  Гимназияның алғашқы қарлығаштары Калниязов Дархан, Дуйсенгалиева Бибинур математика пәні бойынша республикалық ғылыми жоба, Ибраимова Айсұлу математика пәнінен Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңіне қатынасып, Л.Н.Гумилев атындағы  ұлттық университеттің Грантын жеңіп алды, сонымен қатар облыстық «Ақжелкен» математикалық регата сайыстарынан  оқушыларымыз алғашқы жүлделі орындарды әкеліп мектебіміздің мерейін асқақтатты. Содан бері күні бүгінге дейін бұл үрдіс жалғасып, оқушыларымыз жүйелі түрде халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі олимпиадалар, ғылыми жобалар, интеллектуалдық, шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары атануда. Білім стандартына байланысты мектебіміздің оқу-тәрбие процесін, ғылыми-әдістемелік жұмыстарын, әр жылдарда жүйелі ұйымдастыра білген, алдыңғы жақсыны келер жасқа үйретуге тырысып, еңбексүйгіш болмыстарымен ерекшеленетін мектебіміздің оқу ісінің меңгерушілері ең алғаш орыс тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық олимпиаданың І орын жүлдегерін берген Г.К. Шукурова, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» А.Т. Бисалиева, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі иегері мектеп директорының бейін жұмысы жөніндегі орынбасары Б.Т. Махимова  сынды әріптестерімізді мақтан етеміз.

 

Мектебіміздің 18 жылдық тарихында өз қолтаңбаларымен ерекшеленетін, тағылымды болуын, рухани жағынан бай болуын  қамтамасыз ететін тарих пәні мұғалімдері Ғ. Шакиров, Н. Шапиков, кітапханашы                      З. Нургалиева, орыс тілі пәнінің қыр-сырымен М.Суханова, Г. Дошманова, тіліміз бен діліміздің байлығын ұғындыратын қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімдері Г. Бисекеш, Б. Күлшариева, А.Бекентаева, салауатты өмір салтын насихаттайтын дене шынықтыру пәні мұғалімдері  М. Айгалиев, Қ.Нагиевті, ағылшын тілі пәні мұғалімі С. Есеркенова, ағаштан түйін  түйетін шебер, сызу және сурет пәні мұғалімі Д. Ахметов, Б.Шурин, қыз баларды ұлттық өнер мен әсемдікке баулитын Ж.Идрисова сияқты ұстаздарымызды, оқушыларымыздың психологиялық жағынан тұрақты болуын зерттеп, әлеуметтік жағынан қорғалуын қамтамасыз етіп келе жатқан әріптестеріміз            Г. Имангалиева, С.Шайхиеваны құрметпен атауға болады. Бойлары жастық жалын, патриоттық рух, шығармашылық ізденіске толы осы білім ордасынан түлеп ұшып, алтын ұя мектебіне оралып, ұстаздарынан алған тәлімін жас ұрпаққа дарытып жатқан математика пәні мұғалімдері А. Тулешева,                              Л. Исламгалиева, А.Айсағалиев  тәрбие ісі меңгерушісі А.Дакишева  біздің ізбасарларымыз, мақтаныштарымыз.

Оқу жылының үздік қорытындысын жылма-жыл мектеп бітірген түлектер ҰБТ- да көрсеткен жоғары көрсеткіштерімен және жоғары оқу орнының гранттарын жеңіп алуымен дәлелдеп отыр.

Мектебіміз облыс көлемінде өзіндік жұмыс жүйесінің  болуымен, оқушыларымыз мен ұстаздарымыздың жоғары көрсеткіштер көрсетіп, жылдан-жылға педагогикалық кадрларымыздың  кәсіби біліктілігінің артуымен ерекшеленеді.