Бүгін мектебімізде 15 мамыр - Халықаралық отбасы күніне орай «Ынтымағы жарасқан мектеп пен отбасы» атты мектептегі отбасы күнін атап өтуге арналған кең көлемде ұйымдастырылған ата-аналармен біріккен шара өтті. Бағдарламаға сәйкес ата-аналар таңмен мектеп алаңында жиналып, киіз үй тігіп, қазан-ошақтарын құрып дайындықты бастап кетті. Ата-аналар, қонақтар, ұстаздар мен оқушылар жиналған уақытта мерекелік алаңда ұлттық ойындардың: «Гір тасын көтеру», «Асық ату», «Қол күресі», «Атқа міну», «Арқан тартысу» секілді түрлері ұйымдастырылып, оқушыларымыз бен әкелеріміздің ептіліктері сынға алынды. Ойын жеңімпаздарын мектептің Қамқоршылық кеңесінің қолдауымен бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Шара алаңында арнайы тігілген киіз үйдің ішіне «Қазағымның кереметі» атты ұлттық бұйымдар көрмесі, киіз үй сыртында ата-аналардың қолөнер бұйымдар көрмесі ұйымдастырылып, барша қатысушылардың назарына ұсынылды. Мерекеміз мектебіміздің өнерлі отбасылар мен оқушылардың шығармашылығынан дайындалған концерттік бағдарламаға ұласып, қонақтарымызға ерекше көңіл күй сыйлады. Ата–аналар сыныптар болып мерекелік дастархан дайындап, қазандарға ет асып, палау басты. Мектепте қызмет жасайтын ұстаз-ата-аналарымыз нан басып, бауырсақ пісіріп барлығына таратты. Ұлттық тағамдардан дәм тартылып, ата-аналар өзара сырласып, араласуға үлкен мүмкіндік алды. «Әр сәт жаңа бастама» атты ата-аналармен кеңес өткізілді. Бұл үлкен шара ата-аналардың қолдауымен, аудандық мәдениет үйі, спорт клубы, балалардың мектептен тыс шығармашылық орталығының қолдауымен, мектептің қамқоршылық кеңесінің демеушілігімен өткізілді. Барша ат салысқан ата-аналарымыз бен аудан орталығындағы мекемелерге шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Ынтымағымыз артып, бірлігіміз жасай берсін! СӘУЛЕТ жасай бер!!!
16 Мамыр 2022
Жаңалықтар