01 Қырқ 2021
Жаңалықтар

Қымбатты ұстаздар, ата - аналар, қадірменді қонақтар, оқушылар!

Қымбатты ұстаздар, ата - аналар, қадірменді қонақтар, оқушылар!

Сіздерді 1 қыркүйек - Білім күнімен дәстүрлі жаңа оқу жылының басталу салтанатымен құттықтаймын. Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл . Еліміздің тілін, тарихын, салт-дәстүрін, әдебиетін қадір тұтып, құрметтеу, сондай-ақ, мемлекетімізді әлемдік деңгейге жеткізу біздің борышымыз, ол осы Тәуелсіздікті ансаған ата-бабаларымыздың аманаты. ХХI ғасырда әлемдік өркениет төрінен орын алуы үшін, Қазақстанның жан-жақты дамуының бірден-бір жолы ғылымды әр қырынан меңгеру қажет болып отырғаны белгілі.  Аудан облыс мектептер арасында белгілі бір орны бар « Сәулет» мектеп-лицейі білімді шәкірт тәрбиелеу жолында елдің дамуына үлесін қосып келеді. Өткен оқу жылы - алға қойылған міндеттер нақты іске айналып, жетістіктерге толы табысты жылы болды деп есептейміз.

Былтырғы оқу жылын 238 оқушымен аяқтаған болатынбыз. 5 - 11 класс аралығында 102 оқу озаты, 134 оқу екпіндісі болды. Жалпы мектеп бойынша білім сапасы 99% құрады. Биыл жаңа оқу жылын 248 оқушымен, 18 класс комплектімен бастағалы отырмыз.

Мектептегі білім сапасының басты көрсеткіштерінің бірі - бұл мектеп түлектерінің ҰБТ - дегі көрсеткен білім деңгейі. ҰБТ - леуге қатынасқан 10 түлектің  орташа балы 119,1 және 115,8. Мектеп оқушылары өткен оқу жылында пән олимпиадалар мен түрлі білім додаларына қатысқан көрсеткіші : жалпы аудандық деңгейде 104 оқушы, облыстық – 52, республикалық – 51, халықаралық -35 оқушы жүлделі орындарға ие болды.

Білім ордасының қай - қайсы да білікті маман - кадрлармен ерекшеленеді. Мектеп ұжымында 46  мұғалім бар. 2- педагог-шебер, 18 педагог-зерттеуші, 12- педагог-сарапшы. 9- педагог-модератор.  Кадр тұрақты. Барлық пән мұғалімдері жеткілікті.

Абай атамыз: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім - ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген екен. Сондықтан бүгінгі жастар ілім - білім жинауға қашанда асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдерін ел кәдесіне жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтары болуы қажет. Осы жолда қажымай, талмай еңбектің өлшеусіз үлесін көрсетіп, болашақтың бағдаршамы - ұстаз деген атаққа әрқайсың да лайық болыңыздар, қымбатты ұстаздар! БІЛІМ сапасын арттырудағы игі бастамаларға педагогикалық ізденіс, жаңа серпін, шығармашылық табыс тілейміз!

Биылғы жаңа оқу жылының мектебімізге 34 оқушы 5-сыныпқа қабылданып, лицеистер қатарына енейін деп отыр. Бұл оқушыларымызға  талабы - оң, қадамы құтты болсын! Осы 2021-2022 оқу жылының түлегі атанатын  оқушыларға жыл бойы еңбектеніп қорытынды сынақтарды сәтті аяқтауыңызға тілектеспіз.

Ел ертеңі сендерсіңдер шәкірттер, қиялдарың ұшқыр болып, қанаттарың талмасын жаңа оқу жылы толағай табыстарға, жаңалықтарға толы болсын!